Аңдатпа
Андатпа. Мақалада ислам құқықтық ой-пікірінде «суперинтеллекттің» қалыптасу перспективасы қарастырылады. Бұл ұғым діни ғалым мен жасанды интеллектінің синтезін білдіреді және болашақта «суперинтеллектуалды мужтахид мутлақ» бейнесіне айналуы мүмкін. Талдаудың негізін Google Scholar базасында жарияланған еңбектер (11 мақала) мен ҚазҰУ Хабаршысының материалдары құрайды. Сонымен қатар, мақалада Египет ислам мәдениеті университетінің «Нұр-Мүбарак» ұстаздары мен студенттері арасында жүргізілген эмпирикалық сауалнаманың нәтижелері ұсынылған. Зерттеу ислам біліміндегі цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектке сақтықпен, бірақ конструктивті көзқарастың қалыптасқанын көрсетеді. Автор мұсылмандық интеллектуалды қауымдастық жасанды интеллектіні айналып өтпей, бүгінгі күннен бастап иджтихад үдерісіне енгізуі қажет екенін атап өтеді. Әйтпесе болашақта алгоритмдер пәтуаларды өздігінен шығарып, ғалымдардың орнын басуы мүмкін. Қазақстандық жағдайда «Цифрлық Қазақстан» стратегиясы мен исламдық білім беру орталықтарының әлеуеті айрықша рөл атқарады. Олар исламдық цифрлық иджтихад модельдерін әзірлеудің алаңына айнала алады. Ислам құқықтық ой-пікірінің болашағы ғалымдардың технологиялармен ынтымақтаса алу қабілетіне байланысты, бұл діни беделді сақтап, рухани мұраны цифрлық дәуірде дамытуға мүмкіндік береді.


