Аңдатпа
Мақалада қазақ қоғамындағы Тәңір сенімі мен мұсылмандық құндылықтардың өзара ымыраласуына түрткі болған діни мәселелер ғылыми талқыланады. Түркілердің ежелгі діни нанымы – Тәңір сеніміндегі Ұлы Жаратушы сипаттары, «йалаваш», «саушы», «бес ене» культтері мен ислам дініндегі кәлам саласының илаһият, нубубат, самғият институттарының кейбір тақырыптары өзара синтез және антисинтездік әдіснама тұрғысынан талқыға түседі. Әсіресе эсхотологиялық тақырыптардың ұқсастығы сөз болады. Сонымен қатар Тәңір сеніміндегі илаһи сипаттар ислам дініндегі илаһият бабымен салыстырылып, ондағы ұқсастықтар мен ерекшеліктер екшеленеді. Талқылауда көрсетілген кәламдық ұқсас факторлардың түркілердің ислам дінін қабылдауына әсер ету мүмкіндігі ғылыми болжам тұрғыда қорытындыланады. Тақырыптың мәнін ашуда нақты тарихи деректер мысалға келтіріліп, «Оғызнама» дастанындағы деректер, Әбілғазы баһадүрдің «Түрік шежіресі», Тәңір сенімін ұстанған Шыңғысханның ислам діні туралы көзқарасы, сондай-ақ Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының деректері жан-жақты зерделенеді. Одан өзге, Оғыз қаған мен Ескендір Зұлқарнайын туралы түркі халықтары, оның ішінде қазақ фольклорында ұшырасатын деректер Құран Кәрім аяттары, Пайғамбар (с.ғ.с.) хадистеріндегі мәліметтермен салыстырылып, ғылыми тың тұжырым жасалынады.


