Аңдатпа
Бұл мақалада «Уақып» қорларының қоғамдық мәні мен қазақ даласындағы қайырымдылық көрінісі талқыланды. Қолданылған барлық деректік ақпарат негізінде қазақ даласындағы қайырымдылық қорларының тұрақты әрі ғасырлар бойы жалғасқандығы алға тартылды. Қайырымдылық қорларының қызметі мен олардың қазақ қоғамындағы маңызына баса назар аударылып, «Уақып» қорларының әкімшілік мекемелік ерекшеліктері қарастырылды. Зерттеуімізге отандық ғалымдардың ғана емес, алыс-жақын шетел ғалымдарының да ғылыми-зерттеу еңбектері пайдаланылды. Синтез, ретроспективті, тарихи-генетикалық, тарихи-типологиялық, тарихи-жүйелік әдістері тұрғысынан сыни баға беруге талпыныс жасалды. Мақалада Құран Кәрім аяттары, пайғамбар хадистері де қолданылды. Қазіргі таңда «Уақып» қорлары жайлы түсінікті қайта жаңғыртып, оны заңды түрде енгізу және іс жүзінде жүргізіп, Қазақстан Республикасының азаматтарына «Уақып» қорларының жаңа қырларын көрсету идеялары ұсынылды. Сонымен қатар мақала аясында күтілетін нәтиже тұрғысынан жалпы Қазақстан халқына, соның ішінде мұсылман жамағатына, Қазақстан Республикасының мұсылмандар діни басқармасына пайдалы мәлімет пен ақпараттар көрсететін нұсқаулық жасалып шығаратындығы айтылды. Алдымыздағы онжылдықта зерттеудегі құнды ғылыми мәлімет ретінде Қазақстан Республикасының заңнамасында тәжірибелік тұрғыда қолдану идеясы көтерілді.


