Аңдатпа
Автор бұл мақаласында Мәуереннаһрдегі (яғни Самарқанд, Бұхара, Ферғана, Ташкент, Хиуа, Мерв, Термиздегі) Ислам өркениетінің көрінісіне және оның маңыздылығына назар аударады. Мәуереннаһр Ислам өркениетінің бұл аймаққа өту және жақындау нүктесі ретінде айқындалады. Сондай-ақ аймақ бойынша түрлі ғалымдардың зерттеу еңбектеріне шолу жасалып, Мәуереннаһрдегі ислам өркениетінің көрінісін айқындайтын факторлар көрсетілген. Зерттеудің мақсаты – Мәуереннаһр аймағындағы Ислам өркениетінің интеграциясы мен дамуы, оның ішінде Исламның таралу жолдары мен отырықшы халықтармен интеграциясы, түркі халықтарының Ислам дінін қабылдауы, сонымен қатар, Исламтану ғылымдары, денсаулық, медицина, философия, логика, математика, әлеуметтік ғылымдар саласында көрнекті тұлғалардың пайда болуы және олардың басқа аймақтар мен қоғамдарға әсерін талдау.
Автор Трансоксианадағы ислам өркениетінің мемлекеттік және қоғамдық тәртіпке, махаббат пен мейірімділікке, әділдік пен хикметке, тақуалық пен Алладан қорқуға негізделген дамуы мүмкін деген қорытындыға келеді.


