Аңдатпа
Бүгінгі күнде әлем дамуының негізгі үрдістері тікелей не жанама түрде жаһандық үрдістермен байланысты болуы – уақыт талабы. Бұл тұрғыда жаһандық дамудың маңызды әрі іргелі артықшылықтарының бірі – әртүрлі мәдениеттер мен өркениеттер арасында өзара түсіністіктің жақсаруы. Қазіргі уақытта барлығына мәлім «мәдени плюрализм» теориясы негізінде қарастыратын болсақ, дін, мәдениет, дәстүр елдер, аймақтар мен өркениеттер арасын біріктіруші фактор ретінде айқындалады. Сондықтан халықтардың мәдени құндылықтары мен дәстүрлерін құрметтеу – өз бірегейлігін сақтай отырып, әлемнің үйлесімді дамуына үлес қосудың бірден-бір шарты. Кез келген діннің адамзатқа ортақ құндылықтарын алға тарту арқылы қоғамда әртүрлі дін өкілдерінің мақсат, ниеттерін бір арнаға, игі істерге тоғыстыру – қоғам қажеттілігі екенін әлемдік қауымдастық ескеріп, бұл мәселеге басты назар аударуда. Расында, діннің біріктіруші күші, сонымен қатар адамгершілік құндылықтары мен дәстүрлерінің адамдар арасында келісім мен бейбітшілік орнатуға, адамзат бірлігін дамытуға, жаһандық сын- тегеуріндерге төтеп беруге әлеуеті жеткілікті. Қазіргі қоғамда тәжірибе алмасу, ашықтық және дамуға деген құлшыныс тұрақты дамуға деген ұмтылыс пен жаңа мүмкіндіктерге серпін беретіні туралы түсінік бар. Жаһандық даму дәуірінде өзара түсіністік, қолдау көрсете білу, диалог, ынтымақтастық мәселелері қашанда әлемдік күн тәртібінің алдыңғы қатарында. Осыған орай, мақалада конфессияаралық келісімнің әртүрлі ұлт және конфессия өкілдерін, қоғамдағы бірлікті нығайтудағы құрал ретінде әлеуетін жоғарлату мәселесі талданады. Бұл ретте, мақалада Қазақстанның бүгінгі күнге дейін мемлекеттік деңгейде жүзеге асырылған бастамаларына, жүргізілген әлеуметтік зерттеулерге шолу жасалып, бұл саланы шын мәнінде әрекеттік сипатқа ие болуын анықтайтын тетіктері қарастырылады.


